ТАСҚАЛАДА ЦЕМЕНТ ЗАУЫТЫ САЛЫНА МА? Цемент деген не


Қазақстандық цемент - келешектің іргетасы

Шымкентке Алматыдан Сайрам арқылы түнге салым маши­насымен кіріп келе жатқан жо­лау­шы Тассай ауылы тұсынан ғарыш зымыраны секілді көкке ұм­сынған қондырғыларды көрер. Әні-міне басқару аппаратынан старт алатындай кейіпте. Жар­қыл­­­даған әр түрлі жарықтар. “Апыр-ау, бұл не керемет?” дер. Алғашқыда Шымкенттіктер де сүйткен. Бір көрмеге ғарыш ай­ла­ғы Байқоңырдың осында кө­шіп келгеніндей әсер қалдырар еді. Кішігірім шағын ауылдың орнын алып жатқан қон­дыр­ғы­лар-ғарыш айлағына түк те қатысы жоқ, Қазақстандағы бірегей цемент өндіретін алып “Стандарт-Цемент” зауыты. Бүгінде мыңнан аса адамға жұмыс тауып беріп отырған зауыт жылына 1 млн. тонна цемент дайындайды. Сайрам ауданының бюджетіне жылына 2 млрд. теңге шамасында қаржы құйылады. Бір отбасында орта есеппен бес адам бар деп есептесеңіз бес мың адамды қара су мен қара нанға қаратпай ел қатарлы тұр­мыс кешуіне жағдай жасап отыр­ған зауыт қайдан нашар болсын?! Зауыттың директоры Бауыр­жан Серікжанұлы Сейітжанов бол­ғанымен кәсіпорынның иесі ретінде жұрт белгілі кәсіпкер, ғы­лым докторы, “Саутс-Ойл” ЖШС-інің президенті Серікжан Сейітжанов деп біледі. Серікжан Сейітжанов – осы зауыттың құ­рыл­тайшысы. Шымкентте цемент зауыты жоқ емес. Кеңес өкіметі кезінде салын­ған зауыттың соңғы он­шақ­ты жыл­дарда инвесторлары ауысқанымен ескіні ілдалаған жыртыққа жамау салғанмен бірдей ғой. Энергияның көбірек қажет ететін ылғалды цемент дайындайтын зауыттан ма­ңайдағы тұрғындарға аспаннан цемент жауған күндер де болған. Осыдан аттай үш жыл бұрын бүгінгі Экология және табиғатты қорғау министрі, ол кезде Оң­түс­тік Қазақстан облысының әкімі, ашуға көп ерік бермейтін Нұр­ғали Әшімов күрт қатайып “Шым­кенттегі бір миллионға жуық ха­лықтың денсаулығын ауа­ны лас­тай­тын цемент зауы­тына айыр­бастай алмаймын” деп шетелдік инвесторлардың екі аяғын бір етік­ке тыққан. Айдан астам уа­қыт­қа жаптырып тастаған. Ат­мо­с­­фераға жіберетін түтін сүзгі­сін ауыстырған. Кеңес заманында халықара­лық стандарт дегенді ойға алмай­тын, ойласа да қауқары жетпейтін кезеңде салынған қорғасын зауыты, цемент зауытынан зиян шегіп, зәрезап болып қалған жұрт “Стандарт-Цемент” зауыты са­лына бастағанда да қорқа­соқ­тап еді. Маңайдағы ауылдан айқай-шу да естілген. Осыған негіз бар ма?! Біздің білетініміз, экология­лық жағынан зиянсыз құрғақ цементті дайындау технологиясын ғылыми негізде жасаған ғылым докторы Серікжан Сейітжанов зауыттың түтіні үш қайтара тазалау фильтрінен өтетіндігі жайлы айтқан ақпарат. Қондырғы – Қытайдың Тяньзин қаласындағы цемент өнеркәсібі ғылыми-зерт­теу институтының өнімі. Дәл осын­дай зауыттар осы инс­ти­тут­тың жетекшілігімен азуын айға білеген Америкадан бастап, қор­ша­ған ортаға зияны білінсе қо­лы­на плакаттарын ұстап көшеге шығып кететін талапшыл тұ­р­ғындары бар Еуропаның талай қалаларында жұмыс істеп тұр. Ауа ластанса ондағы ағайындар дабыл қақса керек еді. Әрине, өндіріс болған жерде мәселесіз болмайды. Алайда, бес мыңдай адамның асырау­шы­сы болып отырған ірі өндіріс орындарын жабуды талап ете берсек онда Азияда көш­басшы елге айналуды мақ­сат еткен Қа­зақ­станға, мемлекетіміздің бола­ша­ғы осындай халықаралық стан­дарттарға негізделген алып кәсіпорындар екенін айтып кәсіпкерлерге дем беріп отырған Елба­сы­мыз­дың стратегиясына қар­сы шыққандығымыз емес пе? Шикізат Қазақстанды қа­шанғы асырайды? Ол – түбі жоқ тұңғиық көл емес. Ер­те ме, кеш пе түге­сі­ле­ді. Сол кезде өнерлі жұрт­тан үйрен деген ұлы Абай­дың, Ахаң, Ахмет Байтұр­сынов бастаған алаш ардақты­ларының, бейқам жұртын маса болып ша­ғып ояту­ды дұрыс көр­ген Міржа­қып­тар­дың жанай­қа­йын тағы да ұмы­тып, Пушкин­нің “Алтын ба­лық” ертегісіндей сы­нық астауды құшақ­тап қалған кейуананың кейпін киіп қал­маймыз ба деген қауіп қой біздікі. Сондықтан айқайшыл ағайын­ды сабырға ш­а­қырар едік. Халқы бір миллионға жетеқабыл Шым­кенттің өзіне халықаралық стан­дарт­тарға негізделген ондаған зауыт­тар керек. Әр сала бойынша. Сонда өзгеге кіріптарлықтан құ­ты­ламыз. Тәуел­сіздігіміздің тұ­ғы­ры берік болады. Мемле­кеті­міздің экономикалық әл-қуаты есе­ленеді. Ал, ол де­геніңіз – ел байлығы, сіз бен біздің жарқын өміріміз, ұрпағы­мыздың мұңсыз келешегі. Жақында зауытқа арнайы бар­дық. Зауыт директоры Бауыржан Сейітжановпен сұхбаттастық. – Елбасымыздың 30 корпоративті көшбасшы жобаларының қатарына осы зауыт та енген, – дейді ол. – Сол кезеңдерде әлемді қаржы дағдарысы құрсаудай қыс­ты да біз дағдарыңқырап қалдық. Осы жобаны әрі қарай жалғас­тыру қаншалықты қисынды, тұ­лыпқа мөңіреген сиырдай болып қалмаймыз ба деген де қауіп болды. Осы қаупімізді әкем, осы зауыттың құрылтайшысы, Серікжан Сейітжанов сейілтті: “Мен Елбасыға зауытты іске қосуға уәде бергенмін. Ер жігіт уәдесін жұтпау керек. Нұр­сұлтан Әбіш­ұлы мемлекетімізді өте ауыр жағ­дайда орнынан тік қойды, әлем санасатын елге айнал­дырды. Осын­дай жағдайда біздің кері шегінгеніміз намысқа сын” деді. Айтты бітті. Шетелден инвестиция тартуға Ел­басының жергілікті банкке тап­сыр­масы өзек болды. 2008 жылы 8 тамызда инвестиция мәселесі шешілді. Қы­тайлық Эксим­банк­тен 100 млн. долларға жуық қар­жы алдық. Бұл аз сома емес. Он сегіз айдың ішінде зауытты салып, іске қостық. – “Стандарт Цементтің” жү­ре­гі соға бастағаны “Батыс Еу­ропа-Батыс Қытай” халық­аралық автомагистралінің қар­қын ала бастағанына дөп келді. Іскерлік қатынастарыңыз қа­лай? Оңтүс­тіктің жерінен 454 шақырым жол қиып өтеді ғой... – Бұл ғасырлық құрылыстың қаншалықты маңыздылығын Ел­ба­сы­мыз айтып келеді. Жол­дауын­да да нақтылаған. Шағын және орта бизнеске қолайлы жағ­дай туғызады. Әрі біздің кәсіп­орын секілді үлкен зауыттардың да даму стратегиясына мүмкіндік береді. Негізгі есеп бойынша жол­ға қажетті шикізаттың 90 па­йызы қазақстандық болуы шарт. Бұл қазақстандық кәсіпкерлерге жақсылық болып тұр. Біздің зауыт­тың цемент маркалары авто­магистральдің талаптарына сай келетіндіктен екі тарапта да жақсы түсіністік бар. – Қазір бәсекелестік зама­ны, ешкім ешкімге ренжи ал­май­ды. Сіздер жаңа техноло­гияны іске қостыңыздар. Құр­ғақ цемент пен ылғалды це­менттің жігін қара­пайым жұрт ажырата қоймайды. Қайсысы өндіріс үшін тиімді? – Мынау керемет деп әріп­тес­терімнің бақшасына тас ата ал­маймын. Бірақ, бір ақиқатты айт­пас­қа болмайды. Кеңес Одағы кезінде халықаралық стандарт­тар­ды сақтауға жағдайы келмеді де, қондырғылар жөнінен ба­тыстан көп қалып кетті. Ылғалды цемент энергия­ны көп қажет етеді әрі экологияға елеулі шы­ғын әкеледі. Біз ескі әдісті айналып өтіп, жаңа зауыт өте үлкен инвестиция талап ететінін білсек те, қа­зіргі заман талабына сай қондырғылар мен технология жетістіктерін пай­­даланып құрғақ цемент өндіруді қолға алдық. Бұл ма­те­риал­дық сапасын кө­теруге және бағасын төмен­детуге септігін тигізеді. Біз це­мент­тің тоннасын 12 мың теңге­ден бо­сатамыз. Мұны көпшілік біле бермейді. Базардан барып біз­­дің цементті 13-14 мың теңге­ден сатып алып жүр. Шикізатымыз жеткілікті. Әк, саз балшық, құм және пирит алу­ға серіктестеріміз бар. Диірменде осы компоненттерді араластырып, әбден үгіп шикізат ұнына жеткізгеннен кейін қыздырылып айна­лып тұратын пеш қазанды­ғына салынады. Цельсий бойынша 1450 градустан өткеннен кейін жарты­лай фабрикат арнаулы то­ңазыт­қыш­тарда суытылады. 65 градусқа жеткеннен кейін сақтау қойма­ларына жөнелтіледі. Тағы да түрлі процестерден өткеннен кейін ғана цементіміз дайын бо­ла­ды. Сульфат құ­рамды портландцемент маркасы да М500 және жоғары болады. Бұл өнім түрлері техникалық сұраныс талап­тары­на сай. Біздің зауыт өндірген өнім­дер жоғары сапалы бол­ған­дықтан үлкен сұранысқа ие. – Жаңа технологияны мең­геру ауыл үйдің қора айналып, бақшасын баптайтын шаруасы емес. Мықты мамандар керек? – Ойыңызды түсіндім. Біз кадр­ларды сырттан іздеп жатқан жоқпыз. Зауыт-Қазақстандікі бол­ғаннан кейін оның игілігін, ең ал­дымен қазақ жастары көруге тиіс. Іргедегі ауылдың елу-алпыс талапты жастарын Тяньзин цемент өнеркәсібі ғылыми-зерттеу институтының базасында оқы­тып алдық. Зауыт аяғынан тұр­ған­ша көмектесіп, үйрету үшін ондағы орталықтан білікті мамандар келді. – Жалпы, 1 млн. тонна құр­ғақ цемент дайындайтын зауыт қалыпты жұмыс жасап тұр. Еліміз бойынша 30 корпоративті көшбасшы жобалар­дың қатарына кірген зауыт жұ­мысымен Елбасымыз жа­қын таныса алды ма? – Танысты. Зауыт салынып жатқанда Елбасымыз Оңтүстікке арнайы сапармен келген. Облыс әкімі Асқар Мырзахметов бизнес жобаларды таныстырып келе жа­тып, біздің зауытқа айрықша тоқ­талды. Мен жалпы сипаттамасын баяндадым. Мұндай зауыттың ТМД елдерінде баламасы жоқ десем өтірік болар. Француздар да Таразда цемент зауытын салып жат­қан. Нұрсұлтан Әбішұлы жай-жапсарымызды сұрады. Қош­тасарда “біздің жігіттердің іскерлігі шетелдіктерден кем болмау керек. Намысқа тырысыңдар” деді. Елбасымыздың түпкі ойын тү­сін­дім. Қазақстанға инвестиция са­лып жатқан шетелдердің ойы – пай­даға шығу. Біз де қомақты қа­ражат несие алғаннан кейін оны қайтарып, табысымызды еселеуге ұмтыламыз. Бірақ, елдің азаматымыз, жағ­дайға қараймыз. Көмегіміз көп болады. Елбасымыздың олардан асыңдар дегенін “елдің бай­лы­ғы­на өздерің ие болыңдар, сонда халыққа жақсы болады” деп тү­сін­дім. Сол сезім үлкен қанат бер­­ді, намысымызды жаныды. Қиын кездерде шетелдіктерге Қа­зақ­стан­ға инвестиция салуға мүм­кін­діктер берілді. Одан жаман бол­ған жоқпыз. Енді олардың ор­нын өз азаматтарымыз басып жат­са ел­дің өркені өскені, әлеуетінің арт­қаны ғой. Бауыржан Серікжанұлының айт­қандарын өзге әріптестері де мақұлдаған. Зауыт басшысының құрылыс жөніндегі орынбасары Виктор Чернышев кәсіпорынның артықшылықтары туралы айта келіп, негізгі үш факторға тоқ­талды. Біріншіден, жоғары сапалы өнім, екіншіден, экологиялық қауіп­сіздік талаптары сақталған, үшіншіден, жұмысшыларға бү­гінгі заман талабына сай жағдай туғызылған. Тяньзин цемент өнеркәсібі ғы­лыми-зерттеу институтының өкі­лі, жоба жетекшісі Шу Сун Лин әлемнің 20 мемлекетінде зауыттарының жұмыс істеп тұр­ғанын айтады. “Біз ең алдыңғы қатарлы технологияны Еуропа мен Азияға ғана емес Ресей мен Америкаға да дайындап беріп отырмыз. Ал Қазақстандағы бұл жоба индустриализациялау бағ­дар­ламасында жетекші салаға айналарына сенемін” дейді. Қазақта “Елде болса ерінге тиеді” деген нақыл бар. Сол елге болсын дейтін азаматтардың бі­ре­гейі – осы зауыттың құрылт­ай­шысы, белгілі кәсіпкер, облыс­тық мәслихаттың депутаты Серікжан Сейітжанов. Секеңнің сақылығы, Атымтай Жомарт­ты­ғы жөнінде ел ішінде әңгіме көп. Мемлекет тарапынан “Құрмет” орденімен марапатталған азамат­тың есімі сыртқы елдерге де мәлім. Ресейдің “Звезда сод­ружес­тва” орденіне ие болған Серікжан Сейітжановтың меценат­ты­ғы “Алтын жүрек”, “Парыз” қа­йырымдылық қорлары тарапы­нан лайықты бағаланды. Ғылым докторы, Халықаралық ақпарат­тан­дыру академиясының, Калифорния Ғылым академиясының мүшесі осы азаматтың атақ-даңқтарын айта бастасаң бірер парақ жетпейді-ау. Әдетте, атақ, құрметті билік орындарынан өзі сұрап жүретін адамдар болады да, абыройдың өзі іздеп жүретін азаматтар болады. Шетел марапаттарын айтпа­ғанда Қазақстанда Серікжан Сейіт­жановтың ел игілігі үшін атқарған жұмыстары көп. Өзі туып өскен Шілік ауылында мешіт салды. Кейіннен балабақша көтерді. Мемлекетке, елімізге жәрдемім болсын деп атты кісі түсіп қарайтындай мектеп салып берді. Зауыт салынған Тассай ауы­лы­ның аймағы да қамқорлықсыз қалған жоқ. Сиырдың бүйрегін­дей тарам-тарам болып кеткен ауылда орталықтағы мектепке жету балалар үшін өте қиынға соғып жүр еді. Сол маңайға бүкіл инфраструктурасы қамтылған, спортзалы да бар 240 орындық мектеп салып берді. Ақшасы қалтасына сыймай жатқан адам шетелдік банктен 100 млн. доллар несие ала ма?! Судың да сұрауы бар. Мерзімі шектеулі. Бірақ, “Саутс-Ойл” ЖШС президенті, “Стандарт-Цемент” зауыттың құрылтайшысы алдымен елге болсын дейтін тәуе­келіне басып, осындай қа­дам­дарға барды. Енді отбасын қосқанда бес мыңдай адамның несібесін айырып отырған зауыт маңында да балабақшадан мектепке дейінгі нысандар бой кө­тереді. Тағы да адамдар игілігі үшін. Өз алдына шағын қала. Ылғалды цемент өндіретін зауыт­тарда шикізат тау-тау бо­лып ашық далада үйіліп жата­тын. Үп етіп жел тұрса шаңы кө­теріледі. “Стандарт-Цемент” бұл мәселені шешкен. Экологиялық қауіпсіздік үшін шикізат арнаулы орындарда сақталады. Бүгінгі өндіріс орындарына қойылатын талап осы. Құмырсқаның илеуіндей адамдары құжынап жатқан Қытайдың алып қалаларында жұмыс істеп тұрған зауыттарға жұрттың жақ ашпауы осыдан. Зауыттың баспасөз хатшысы болып белгілі журналист Әбді­мәлік Белгібаев тағайындалған екен. Жұмысшыларына жағдай жасайтын осындай мықты кә­сіпорынды мен бұрын-соңды көрмедім дейді әріптесіміз. Жақсы әке-шешеден тәлім ал­ған Сейітжановтар әулеті осы­лай­ша-отандық өндірістің мың ше­гедей мықтысын аяғынан қой­ды. – Серікжан осы зауытты са­ламын деп ойын бөліскенде ішім­нен қалай болар екен деп ой­лап едім, – дейді сенатор Қуа­ныш Айтаханов. – Кеңес өкіметі кезінде мұндай зауыт бес жыл­дық жоспарға кіргізіліп, мем­лекеттің үлкен күші жұмыл­ды­рылатын. Осындай зауытты бір азамат жыл жарымға жеткізбей салып, іске қосты. Жылына 1 млн. тонна цемент өндіретін, аудан бюджетіне 2 млрд. теңге көлемінде қар­жы са­ла­тын “Стандарт-Цемент” зауы­ты­ңыздан мемлекет осын­дай игіліктер көріп отыр. Қазақ­станның келешегі-ин­дустрия­лық-иннова­ция­лық өндіріс орын­дарында. Осындай зауыттар әр сала бо­йынша қадау-қадау бо­лып, қазы­ғын қағып, іске қосы­лып жатса Қазақстанның бәсе­кеге қабілетті елу елдің орта­сында жүрмей­тін­дей қай кемдігі бар. Осындай өндіріс орын­дары ғана елімізді шикізатты өндіруші елден бар керек-жара­ғы сай қуатты мемлекетке айналдырады. Бақтияр ТАЙЖАН. Оңтүстік Қазақстан облысы.

egemen.kz

Цемент бөшке ішіндегі хат

Хаяма Йошики

(1894-1945)

Мацудо Йодзоу цемент құюшы болып жұмыс істейтін. Бет-аузы ылғи сұп-сұр шаң боп жүреді. Тоқтаусыз айналып тұрған бетон араластырғышқа ілесу үшін қолымен мұрнын да сүрте алмайды. Ол танауын қапқан тозаңнан жиренсе де, он бір сағаттық жұмысқа төзіп бағады.

Бірде Мацудоның ауыр жұмыстан әлсіреген қолы цемент бөшкедегі ағаш қобдишаға тиді.

"Бұл не?" деп, секем алып қалғанымен, қобдишаға аса мән бере қоймады. Ол өлшеуішке цементті салды. "Тұра тұр. Цемент бөшкесінен қобдиша шығу деген болмаған жағдай ғой". Ол қобдишаны алып, фартугының қалтасына тыға салды. Қобдиша жеңіл еді. "Жеңіл болғанына қарағанда ішінде ақша жоқ-ау". Ол ойланып тұрып, келесі бөшкені ашты. Тағы да цемент  өлшеуге көшті. Бір кезде араластырғыш бос айналысқа көшті. Бетон таусылып, жұмыс уақыты да аяқталды.  

Ол араластырғышқа тартылған резеңке түтіктің суымен алдымен беті-қолын жуды. Сөйтіп ішер асын ойлап, үйіне қайтты. Түнгі қараңғылықта сорайған Энасан тауын аппақ қар басыпты. Бір кезде терге малшынған денесі тоңа бастады. Кисогава өзенінің суы ақ көбігін атып күрілдеп жатыр.

"Түф!  Төзу қиын-ақ, қатын тағы жүкті..." Ол шиеттей бала-шағасын, дәл аязда дүниеге келер нәрестені, жоқшылықта босанайын деп отырған әйелін ойлағанда тіптен түңіліп кетті.

"1 иен 90 дзэнилік күндік табыстан, бұлардың тамағына күніне 50 дзэниге күріш алып, 90 дзэниге киіндіріп, асырау деген... Ақымақ-ай! Қалай ішесің?"

 Кенет оның есіне қалтасындағы қобдиша түсті. Ол қобдишаға жабысқан цементті шалбарына сүртті.

Қобдишаға ештеңе жазылмапты. Бірақ шегемен мықтап бекітіліпті.

"Бұнда бір құпия бар ғой, шеге қаққанына қарағанда...".

Ол қобдишаны тасқа ұрды. Сынбаған соң аяғымен таптады.

Қобдишадан шүберекке оралған қағаз қиығы шықты. Онда былай деп жазылыпты:

"Мен N деген мекемеде цементке қап тігетін жұмысшы әйелмін. Менің сүйіктім ұнтақтағыш қондырғыға тас салушы болып жұмыс істейтін. Содан қазанның жетісі күні таңертең дәу тасты салып жатқанда сол таспен бірге ұнтақтағыштың ішіне түсіп кетті.

Жолдастары құтқармақ болғанмен, сүйіктім тура суға батқандай боп, таспен бірге батты да кеткен. Содан тас пен сүйіктімнің денесі ұнтақталып, қып-қызыл жалпақ тасқа айналып, металл түтікке түсті. Металл түтік ұнтақ­тағыш цилиндрге кіріп кетті. Сол жерде бәрі араласып, бөлшектелді. Содан кейін күйдіріліп, керемет цементке айналды.

 Сүйегі де, жаны да ұнтақталды. Сөйтіп сүйіктімнің денесі цемент болды. Қалғаны мынау — киімінің қиығы. Мен болсам сүйіктімді салатын қап тігіп отырмын.

Иә, сүйіктім цементке айналды.  Бір күн өткенде осы хатты жазып, мына бөшкенің ішіне тықтым.

Сіз жұмысшысыз ба? Егер жұмысшы болсаңыз мені аяп, жауап беріңізші.

Бұл бөшкенің ішіндегі цементті не нәрсеге пайдаланды екен, мен соны білгім келеді.

 Сүйіктімнің денесі қанша бөшкедегі цементтің құрамына кірді және ол қандай мақсатқа жұмсалды? Сіз қабырға бояушы емессіз бе? Әлде құрылысшысыз ба?

Мен сүйіктімнің театр дәлізіне айналып, үлкен үйдің қоршауы болғанына төзе алмаймын. Бірақ оны қалай тоқтатамын? Сіз жұмысшы болсаңыз, бұл цементті ондай орынға пайдаланбаңыз.

Жоқ, мейлі. Қандай орынға болса да пайдаланыңыз. Сүйіктім қайда көмілсе де, сол орынға қатысты жақсы іс атқарамын.  

Ол мықты адам еді, міндетті түрде соған лайық әрекет етемін.  

Ол мейірімді, жақсы адам болатын. Оған қоса батыл, өр мінезді еді. Әлі жас еді ғой, жиырма алтыда ғана. Ол мені қаншалықты аялағанын кезінде білмеппін. Бірақ мен оны кебінге ораудың орнына цемент қапқа салмақшымын. Ол кісі табытқа салынбай айналмалы қазандықтың ішінде кетті ғой.

Енді оны қалай шығарып аламын? Ол Батысқа, не Шығысқа, алысқа  немесе жақынға көмілуі мүмкін.

Сіз егер жұмысшы болсаңыз, маған жауап беріңізші. Соның орнына сүйіктім киген жұмысшы киімінің қиындысын сізге берейін. Бұл хат сізге  арналған. Мына шүберекке тастың үгіндісі мен марқұмның тері сіңген.

Өтінішім осы. Бұл цементті пайдаланған айы, күнін және мекенін жазып, не нәрсеге жұмсалғанын, оған қоса өзіңіздің аты-жөніңізді де, қиын болмаса, хабарлаңызшы. Өзіңіз де сақ болыңыз. Қош болыңыз".

Мацудо Йодзоуды қоршаған балалары у-шу. Ол хат соңындағы иесінің мекен-жайы мен аты-жөніне қарады да, кесеге құйылған сакэні сіміріп жіберді.

"Удай мас болсам, шіркін! Бәрінің күл-талқанын шығарар ма едім?" деп, ақырды.

"Удай мас болып, күш көрсеткеніңе шыдаймыз ба? Балаларды қайтесің?" — деді әйелі.

Ол әйелінің шертиген ішіне қарады. Онда енді бірер күнде туылатын жетінші бөбек жатыр еді.

Жапон тілінен аударған Шарафат Жылқыбаева

«Қамшы» сілтейді

Ұнайды Ұнамайды Маңызды Нашар Керемет Қырт Ой бар

www.qamshy.kz

Цемент Шетпеден шығады

Осыдан 10-15 жыл бұрын бір ауылдастың «өзімізден бір түйме де шықпайды, кез келген нәрсені өзге елдерден сатып аламыз» деп, күйінгені бар еді. Одан беріректе жұмыстас апай «базар біткенді қырғыз бен қытай киімдері жаулап алыпты. Қырғыз әйелдері тіккен көйлек-көншекті біздің елдің ақ жаулықтылары тіге алмай ма сонда?» деген еді әзіл-шыны аралас. Құдайға шүкір, қазір еліміз алып құрылыс алаңына айналды. Республикамыздың төрт тарабынан сан түрлі құрылыстардың, әр алуан өнімдерін шығаратын зауыттар мен цехтардың, түрлі өндіріс орындарының жарыса салынуы – тек жақсылықтың белгісі, жарқын ертеңнің дайындығы.

Осыдан 10-15 жыл бұрын бір ауылдастың «өзімізден бір түйме де шықпайды, кез келген нәрсені өзге елдерден сатып аламыз» деп, күйінгені бар еді. Одан беріректе жұмыстас апай «базар біткенді қырғыз бен қытай киімдері жаулап алыпты. Қырғыз әйелдері тіккен көйлек-көншекті біздің елдің ақ жаулықтылары тіге алмай ма сонда?» деген еді әзіл-шыны аралас. Құдайға шүкір, қазір еліміз алып құрылыс алаңына айналды. Республикамыздың төрт тарабынан сан түрлі құрылыстардың, әр алуан өнімдерін шығаратын зауыттар мен цехтардың, түрлі өндіріс орындарының жарыса салынуы – тек жақсылықтың белгісі, жарқын ертеңнің дайындығы.

Кезінде маң даласынан мұнай табылып, төсі жаңғырыққа тол­ған сәтте «ұйқыдан оянған арудай» боп маңғаздана еңсе көтерген киелі Маңғыстау өңірі қазір де игі істердің ордасы. Теңіз жағалауын жандандырып, тулаған толқындармен жарыса жеткен кемелер маңдайын тірер порттан, құба далада «менмұн­далай» мұнаралары қалқиған мұнай өндірісінен басқа өңір­де өндіріске, күнделікті тұр­мысқа қажетті ірілі-ұсақты бұ­йымдарды жасайтын, сондай-ақ бұзылса жөндейтін бірнеше орындар ашылу үстінде.

Облыстағы іргелі аудандар­дың бірі – Маңғыстау ауданының орталығы Шетпе кентінде салынып жатқан цемент зауыты – осы жаңалықтардың бір дәлелі. Өңірдегі индустриялық-инновациялық жобалар санатына кіретін зауыт Шетпедегі алғашқы ең ірі кәсіпорын болғалы тұр. «Каспий Цемент» ЖШС-ның жетекшілігімен жүргізілу үстіндегі зауыт құры­лысы қазір межеге жақын­дап қалды. Әу бас­тан жұмыс жүргізуге қолайлы орынды таңдап қазығын қаққан зауыт оңтүстік Шетпе, Аусар кен орындарының шикізаттарын пайдаланатын болады. Кен орындарынан шикі өнімді алу үшін жол салынып, жобалау-іздестіру жұмыстары жүруде. Бұл үшін тау-тасты талғамай жүретін 10-нан астам арнайы техника жұмылдырылған.

Қолбайлау болмау үшін зауыт маңының инфрақұрылымы ал­дың­ғы кезекте жүзеге асы­рылған. 6 ша­қы­рымдық темір жол төселіп, станса бет­тегі те­мір ­жол желісі жөндеуден өтті, электрмен жабдықтау орта­лығы­ның құрылысы салынуда. 7 ұң­ғыма қазылып, артық су қоры шамаланып, су дайындау нысанының құрылысы қолға алынбақ. Жұмысшылар үшін салынған 150 орындық вахталық кенттің негізгі жұмыстары ең­серіліп, ішкі шаруалары реттелуде. «Елде болса ерінге тиеді» деген, бұл жаңарту, жаңғырту жұмыстарының Шетпе кенті үшін де зияны болмасы белгілі. 100 млн. еуро салынған алып зауыттың құрылыс жұмыстары 800 адамды жұмыспен қамтып отыр, ал өз күшіне енген сәтте 300 жанның жұмыс орнына айналмақ. Кәсіпорын заманауи технологиямен жабдықталады деп күтілуде, бұл өз кезегінде цемент өндірісіне қуат көзінің әдеттегіден аз жұмсалуына мүм­кіндік береді екен. Құрылыс жұмыстарына арналған це­мент­тің жылына 1 млн. тоннасын өндіруді жоспарлап отыр­­ған «Каспий Цемент» ЖШС басшылығы оны Ақтау халықаралық теңіз сау­да порты арқылы Әзербайжан, Ресей елдеріне экспорттамақ. Құрал-жабдықтардың құлағында ойнап, көк цементтің құрамын қырағы бақылап, сапалы өнім алу үшін мамандар да алдын ала дайындалуда. Маңғыстау ауданы әкімдігі мен облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бірлесуімен германиялық ма­мандар болашақ зауыт ше­бер­лерін Шетпе кентіндегі техникалық колледж базасында оқытуға арнайы бағдарлама жасады. «Каспий Цемент» ЖШС-ның қызметкерлері өткен жылдан бастап Ресейдің Белгород, Тула, Стерлитамак, Брянск қала­ларындағы зауыттарда, тех­ни­калық жоғары оқу орында­рында, өзіміздің Өскемен қала­сындағы цемент компаниясы базасында түрлі тақырыптарда тәжірибе жинақтап, білім алуды тұрақты дәстүрге айналдырған. Олардың арасында жергілікті Шетпе кентінің тұрғындары да бар. Алдағы уақытта өз ісінің «жілі­гін шағып, майын сора­тын» мамандарға тарығып қалмау үшін «Каспий Цемент» ЖШС Маңғыстау облыстық білім басқармасымен және Х.Өз­бекқалиев атындағы Маң­­ғыс­­тау политехникалық кол­лед­жімен кәсіби маман дайындау ба­ғытында келісім-шартқа отырып қоюды да ұмыт қалдырған жоқ.

Цемент зауыты қолданысқа 2013 жылдың желтоқсан айында тапсырылуы тиіс. ЖШС-ның бас директоры Абдурахман Зурабовтың ұйым­­­­­дастырушылығы, бас­шы­­лығымен бүгіні мен ертеңі қатар ойластырылып, жасалуы тиісті жұмыстар жан-жақты қам­тыла қолға алынғандықтан жаңа зауыттың өз уақытында ашылатынына еш күмән жоқ.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан».

Маңғыстау облысы.

egemen.kz

Беріктік бастауы

Жамбыл цемент зауыты осы саладағы ең үлкен кәсіпорын

  Экологиялық  зиянсыз өндіріс – табыс көзі «Jambyl Cement» зауы­ты 2010-2014 жылдарға ар­нал­ған үдемелі индус­триялық-инновациялық мемлекеттік даму бағдар­ламасы шең­беріндегі ел­і­міз­дің жиынтық индус­триал­ды картасының ба­сым бағыттағы жобалары­ның бірі болып табылады. Экономикалық тұрғыда ма­ңызды нысандардың қа­тары­на кіретін бұл алып зауыт­тың құрылысы Мемлекет бас­шысы Нұрсұлтан Назар­баев­тың, сондай-ақ,  ел үкі­метінің бақы­лауын­да. Зауыт қазіргі заманға сай, арнайы жасалған жаб­дық­тар­мен жарақтанған.  Сон­дық­тан «Jambyl Ce­ment» зауы­тын – Қазақ­стан­ның бүкіл цемент өнер­кәсібі үшін алға қарай басқан үл­кен қадам деп есептеуге болады. Егер бүгінгі қазақ елін үлкен құрылыс алаңына теңесек, онда сол құ­ры­лыс алаңындағы мамандар үшін ең керекті заттың бірі – сапалы цемент екені айтпаса да түсінікті. Сондықтан, Мо­йын­құм ауданынан еңсе көтер­ген алып зауыт өз өнімдерін Астана, Алма­ты, Балқаш ТЭЦ-і, «Батыс Еу­ропа-Батыс Қытай» ав­то­жолы сияқты еліміздегі жә­не шетелдердегі тағы бас­қа да көптеген құры­лыс ны­сандарына жө­нел­ту­де. Цементке тапсырыс берушілердің талап-ті­лектерін қа­на­ғат­­­тан­дыру үшін өнім түр­лерін көбейту бары­сын­да көп­теген жұмыстар ат­қарылып отыр. Өйткені «Жам­был цемент өндіру компа­ния­сы» мен «Мыңарал Тас Ком­па­ниясы» ЖШС-лары іске қосқан бұл өндіріс ошағында шикі­затты өндіруден бастап, экологиялық әсері жағынан зиянсыз жоғары сапалы құр­ғақ цемент шығару және оны тұтыну­шыларға жөнел­туге дейінгі барлық жұмыстар қам­тылған. Еліміздегі бұл үлкен жо­ба­­ның жалпы құны 40 миллиард теңге, ал өнер­кәсіп­тің қуатты­лығы жылына 1200 тонна жо­ғары сапалы цемент өнді­руге жетеді. Зауыт өткен жылы, яғни тәуелсіздік күні қар­саңын­да толық қуатында іске қосыл­ды. Содан бергі уақыт­тың ішінде мыңдаған тоннадан астам  цемент шы­ғарыл­ды. Маман­дардың есебінше, зауыт­тың бір жылдық өні­мі­­нің құны 10 миллиард теңгені құрайды. Ал бұл то­лағай та­быс еліміздің және облыс эко­номикасын көтеру үшін қо­сылған үлкен үлес болып та­бы­лады. Осы күні әр өңір­ден телефон шалып, зауыт өнім­дерінің сапасын мақтап, тап­сырыс беру үшін қайда хабарласу керек екенін сұраған адам­дардың жылы лебізіне кәдімгідей қуанып қаламыз. Әрине, Мойынқұм ауда­ны тұрғындарының, оның ішінде мыңаралдықтардың да қу­а­ныш­тарында шек жоқ. Неге десеңіз, ин­дустриялық-инно­ва­циялық жобалармен бірге, алыс­тағы  ауылға мә­де­­ниет­тің жемісі де бірге келді. Қанат БОЗЫМБАЕВ, Жамбыл облысының әкімі.   Дерек пен дәйек «Jambyl Cement» әктас және сазды тақтатас ірі кен орындары секілді күшті шикізат базасына ие. Зауыттың карьерлері оған өте жақын ор­наласқан. Осының арқасында шикі­зат­тың үздіксіз жеткізілімі қамтамасыз етіледі. Кен орын­дары жыныстың жоғары сапасы­мен ерекшеленеді, бұл, әсіресе, жоғары сапалы цементтің өндірісі үшін аса маңызды. *** Өндірістің жоғары өнімділігі мен технологиясы орасан маңызға ие. Шикі­затты өндіру бұрғылау мен жару жұ­мыс­тарын қолдану арқылы, ең жаңа және арнайы техниканың көмегімен жүргізіледі.  *** Ұсақталғаннан кейін шикізат карьерден ұзындығы 3 км. ленталық конвейер арқылы жеткізіледі. Зауытқа күнделік­ті клинкер мен цемент өндірісі үшін қа­жет­ті 7000 тоннаға дейінгі сапалы шикізат жеткізіледі. ***   «Jambyl Cement» шикізат өндіруді шек қоюсыз ұзарту құқығы бар 25 жыл бойы жер қойнауын пайдалану туралы бекітілген келісім-шарттың негізінде жү­зеге асырады. Мамандардың баға­лауы бойынша шикізат қорлары 100 жыл­дан астам уақытқа жетуі тиіс.   *** Өндірісте қоршаған ортаны қорғау бойынша алдыңғы қатарлы технологиялар енгізілген және ол белсенді түрде қолданылады. Бұл ең жоғары стан­дарттарға сай болуға мүмкіндік береді. *** Зауыт өнімдері міндетті мемлекеттік сертификаттаудан өткен. Оның өнім­дері­нің сипаттамалары ел норма­ларына толық сәйкестігі расталған. *** Цемент секілді маңызды құрылыс материалы аса қажетті болып табы­ла­тын қалаларда өкілдіктер ашылған. Олар цементті тікелей өз терминал­дарынан тиейді.    Серіктестер  сенімді  ақтады “Jambyl Cement” – елімізде ең бірінші болып құрылған біріккен Қазақстан-Фран­цуз цемент зауыты. Бұл құрғақ тәсілмен өндіру технологиясы бойынша жұмыс істейтін еліміздегі алып зауыт. Өндірістік қуаты жылына 1,2 миллион тонна цементті құрайды, бұл қазақстандық нарықтың жыл сайын өсіп келе жатқан мұқтажын толық өтеуге мүмкіндік береді. Серіктестеріміз де осалдардан емес. Мысалы, Vicat тобы Францияның цемент, бетон және қиыршық тас өндіру бойынша жетекші компаниясы болып табылады. Ком­паниялар тобының 11 елде 15 цемент зауы­ты, 241 бетон зауыты және 75 карьері бар. 2010 жылғы деректердің өзі цемент зауыт­тарының жалпы өндірістік қуаты жылына 27 млн. тоннаны құрағанын көрсетеді. Әдетте, адамдар цемент туралы жиі естігенімен және оны күнделікті құрылыс жұ­мы­сына пайдаланғанымен, осы бір берік ма­териалды ойлап тапқан адам жайлы біле бермейді. Сонау 1817 жылы жас инженер Луи Вика цемент қоспасын алу үшін бас­қаруға және ұдайы өндіруге болатын дәл техниканы қолдана отырып, әктас пен  кремнеземнің қажетті пропор­циясын тапты. Бірақ, ол өз өнертабысын патенттемеген және оның құрамы мен өндіру тәсілін көпшіліктен жасырмаған. Сөйтіп, цемент деп аталатын құрылыс материалы алғаш рет бүкіл адамзат игілігіне ұсынылды. Кейін келе өнертапқыш әкенің ісін ұлы Жозеф жалғастырып, 1853 жылы Vicat компа­ния­сын құрды. Қуанышқа орай, содан бері 150 жылдан астам уақыт өтсе де бұл компания рыноктағы жетекші орнын жоғалтқан емес. Ал «Home Broker» АҚ – тікелей инвестициялар рыногында 2003 жылдың тамызы­нан бері жұмыс істейтін елдегі ірі инвести­циялық компаниялардың бірі. Сон­дай-ақ, халықаралық қаржы корпора­циясы жеке меншік сектордағы страте­гия­лық жобалар­ды инвестиция­лайтын Бүкіл­әлемдік банк тобы ұйымдарының бірі болып табылады. “Jambyl Cement” зауытының артықшы­лығы неде? Біріншіден, біз цементті өн­діруші ретінде тікелей тасымалдардың қо­мақты көлемін делдалдарсыз және аралық үстеме бағасыз қамтамасыз ете аламыз. Екіншіден, жоғары сапа. Яғни, өндірілетін цементтің сапасы Қазақстан және Еуропа стандарттарына толық жауап береді. Цемент сапасының қатаң сақталуы ең жаңа құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген зертханада тексеріліп отырады. Үшіншіден, логистика. Мысалы, меншікті темір жол паркі цементті Қазақстанның кез келген жеріне жеткізу мәселесін жедел әрі ешқандай кедергісіз шешуге мүмкіндік береді. Тапсы­рыс берушілер қажетті цемент түрлерін қалаған көлемінде сатып ала алады. Біздің қызметкерлеріміз бен жұмыс­шыларымыз білімі мен біліктіліктерін де үнемі жетілдіріп отырады. Сондай-ақ, компаниялар тобына кіретін кәсіпорындардың кеңесшілері тәжірибе алмасу үшін жиі келіп тұрады. Өйткені, қызметкерлерге қамқор­лық жасау – тұрақты және жоғары деңгей­дегі жұмыс кепілі. Айбар САРҒАСҚАЕВ, «Мыңарал Тас Компани» ЖШС бас директоры.   Маң даланың мақтанышы Кереметтің бәрі, әрине, тәуелсіздіктің ар­қа­сы. Мәселен, индустрия игілігі қазір алыстағы ауылдарға да жеткен. Мойынқұм ауданындағы біздің Мыңарал ауылын алайық. Бұрын ол Балқаш көлі мен темір жол бекетінен басқа «алданышы» жоқ алақандай ғана ауыл еді. Енді, міне, осы маңнан үлкен өндіріс орнының жұмыс бастал­ғалы бері ауыл адамдарының бойынан жаңа тыныс-тіршілікке деген құлшыныс байқала бастады. Ауылдағы жұмыссыз жүрген жастар мен жасамыстар еуропалық технологиямен жаб­дық­талған алып зауытқа барып, жұмысқа орналасып жатыр. Зауыт басшыларының айтуынша, болашақта мұнда тек қана ауыл тұрғындары арасынан шыққан білікті мамандар шоғырланбақ. Ал оларды оқыту, біліктілік тәжірибесінен өткізу өнеркәсіп қо­жайын­дарының мойнындағы шаруа.  Өйт­кені, компания өз қызметкерлерінің еңбегі мен өмірі үшін барынша жағдай жасауға мүдделі. Сондықтан Мыңарал ауылындағы мектеп қайта жөнделді. Зауытқа жақын жерден, яғни Балқаш көлінің жағалауынан қала­шық салынды. Ол инфра­құрылым­дармен жабдықталған. Талғат ҚАШҚЫНБЕКОВ, Мыңарал ауылдық округінің әкімі.   «Jambyl cement» туралы не білеміз? 1. Портландцемент (ПЦ400 Д20) деген не? Ол - беріктігімен және икемділігімен ерекшеленетін, сондай-ақ аязға және ылғалға төзімді қасиеттерге ие әмбебап цемент маркасы. 2. «ПЦ500 Д0» ше? Мұндай цементтен жасалған өнімдер аса берік болады. Температура ауыт­қуларына, су мен коррозияның әсеріне төзімді, ұзақ қызмет етеді. Бұл құрылыс­тағы ең танымал цемент маркасы.   Қызмет көрсетуге өте қолайлы «Jambyl Cement» зауыты Мойынқұм ауданының Мыңарал кентінде орналас­қан.  Оған Алматы – Астана автожолы жақын қашық­тық­та жатыр. Ал бірнеше километрде Мыңарал темір жол стансасы орналасқан. Сондықтан өндірілген өнімдерді еліміздің кез келген өңіріне жеткізу еш қиын­дық туғызбайды.  Өйт­кені, зауыт ҚТЖ желісіне қосыл­ған меншікті темір жол тер­миналымен жабдықтал­ған. Меншікті темір жол паркі цементті зауыт қақ­па­сынан бастап, Қазақстанның кез келген өңіріне дейін тура жеткізуге мүмкіндік береді. Зауытта цементті сатып алу­шының көлігіне тиеу жұ­мысы да жүзеге асыры­лады. Тиеу тәсілдері тап­сырыс беру­шінің қалауы бо­йын­ша орындалады. Мы­салы, вагондарға, жа­бық жүк көліктері мен цемент та­сы­ғыш көліктерге, сон­дай-ақ  қаптармен және биг бэгтермен тиеледі. Жолдас БҰҚАРБАЕВ, менеджер.   Тиімді тәсіл Зауыт цементті құрғақ тәсілмен өндіру технологиясы бойынша жұмыс істейді. Бұл дымқыл тәсілмен салыс­тыр­ғанда, технологиялық желі­лер­дің өнімділігін арттыруға және зиянды қалдықтардың мөл­шерін бірнеше есе азайтуға мүмкіндік береді. Бұл осы уақытқа дейін дымқыл тәсіл басым болып келген Қазақстан үшін шынында да жаңа ин­новациялық қадам. «Jambyl Cement» зауыты экологиялық қауіпсіздік жө­нін­дегі мемлекеттік нормалар мен талаптарға да толықтай жауап береді. Өндіріс кез келген зиянды қалдықтарды азай­туға арналған 4 сатылы ин­теграцияланған басқаруы бар күшті электростатикалық шаң ұстағыштармен жабдық­талған. Зауытта қолданылатын өн­діру­дің құрғақ тәсілі, сондай-ақ, қосымша тазарту жаб­дықтары зиянды қалдықтар­дың мөлшерін барынша азай­туға мүмкіндік береді. Нұрбол МҰСАТАЕВ, бригадир. Беттердегі материалдарды дайындаған Жамбыл облысы бойынша меншікті тілшісі Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ.

egemen.kz

ТАСҚАЛАДА ЦЕМЕНТ ЗАУЫТЫ САЛЫНА МА?

Батыс Қазақстан облысы­ның Тасқала ауданы аумағында цемент зауыты салынады екен деген сөздің тарағанына алты жыл өтіпті. Бүгінгі зымыран уақыт өлшемімен алғанда алты жыл әжептәуір уақыт. Тіпті бұл мерзімнің ішінде бір емес, бірнеше зауыт тұрғызуға да болады. Алайда, тұрғызылған немесе салынып жатқан цемент зауытын көре алмай батысқазақстандықтар аң-таң күйде жүр. Тақырыпқа шығарылып отырған сауал ақпан айының 5-і күні облыс әкімінің елге есеп берген кезінде  қойылған еді. “Егемен Қазақстанның” Батыс Қазақстан облысындағы тілшісі Темір Құсайын Батыс Қазақстан облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовке: – Сіз бұған не дейсіз? – Сөз жоқ, сонау 2004 жылы белгіленген цемент зауыты құ­ры­лысы жобасы – құптауға тұр­арлық  өте жақсы жоба. Ең бас­ты­сы – елге керек жоба. Ол өңір­де құрылыс индустриясы­ның өркендеуіне мол үлес қоса алар еді. Оның үстіне соңғы уақытта цемент бағасы жоға­ры құрылыс материалына ай­нал­ды. Аталған жоба іске асқан жағ­дайда осы аспандап кеткен баға­ны төмендетуге де әсерін тигізген болар еді. Алайда, кез келген жоба ке­шенді көзқарас тұрғысынан жан-жақты ойластырылмаса, ол то­лық іске аспай, жартыкеш күйін­де қалып қоймақ. Мұндай жо­ба­лардан үміт те, қайыр да шама­лы. Өкінішке қарай, цемент зауы­ты құрылысына қатысты да осылай деуге тура келеді. Өйткені о баста цемент зауы­ты құрылысын жобалау­шы­лар ең басты мәселені, яғни үлкен жобаны энергетикалық қуат көз­де­рімен қамту жайын, оған кете­тін шығындар мен ресурстарды қоса есептеу қажет­тігін түпкілікті түрде қарастыр­маған. Соның сал­дарынан бү­гінде тәп-тәуір жоба тұйыққа тіреліп тұр. Қыс­қасы, аталған зауыт құрылысы­ның тағдыры – тек осыған байланысты. Оны энергетикалық ресурстармен байыту мәселесі шешімін тапса, зауыт жобасы аяғы­на дейін жете алады. Тап­паса жетпейді. Орал. БАЛ ТАТЫҒАН БАРҚЫТ ҚЫМЫЗ Көшпенді қазақтың көне асын өзгелер иемденіп кетпесін Көшпенді қазақ өз тірлігінде бір маусымда ғана емес, жыл бойы бие байлап, қымыз ашытудың сырын білген. Күніне ересек адам 15 литр­дей қымыз ішкен. Қымызды атам заманнан бері қарай қара сабада сақтайды. Саба көшпенді­лердің кезінен қалған бір белгі десе де бола­ды. Оны жылқы терісінен жа­сап тігеді. Біріншіден, сабада ашы­тылған қымыздың дәмі керемет болса, тағы бір маңыздысы көш­пен­ді қазақ үшін әрі-бері көші-қон кезінде өзімен алып жүруге саба өте қолайлы. Қымыз сақталатын, бие сауылатын шелек, піспек, шө­міш­тер жиі ыста­лып отырады. Өйт­кені, бал татыған барқыт қымызды темір ыдысқа құйып бере алмай­­сың. Қымыз қазақ­тардың сүйікті асы. Оның емдік, шипалық қасиет­тері мол. Ең алғаш рет қымыз емханасын 1858 жылы Самарада Николай Постинов деген дәрігер ұйымдас­тырған екен. Қы­мыз­бен емделуге оған Лев Толстой мен Антон Чехов келіп, қатарынан бес айдай жатып ем-дом алады. Көш­пенді қазақ қымыздың емдік қасие­тін жақсы білген. Әсіресе, өкпе-қолқаға суық тигенде қымыз­дың емдік шипасы мол. Қымыз имуни­тетті нығайтумен қатар, ағзаны жасартады. Қан құрамын жақсар­тып, жүрек-қан тамырларының жұмыс­тарын қалпына келтіреді. Әсіресе, орталық жүйке жүйелері ауруларын емдегенде шипасы мол. Жаңа сауыл­ған бие сүті мен түйе сүті гепатит пен асқазан жарасы, іш ауруы дизен­териядан емделуге көмектеседі. Ерте заманда грек тарих­шысы Герадот біздің эрамызға дейінгі V ғасырда сақтардың өмірі мен тұрмы­сын жаза келе бұл халық­тың сүйікті асы бие сүтінен жасалған керемет бір тағам дейді. Сондай-ақ, ХШ ғасырда саяхат­шы монах-миссионер Виль­гелм Рубру­кус пен венециандық Марко Поло қазақ жерінен өткен кезде керемет дәмді, жұғымды сусын ішкендік­терін айтып, қымызға баға берген бола­тын. Шығыс ғұламасы Ибн Сина осыдан мың жылдай бұрын “Дәрі­герлік ғылыми жина­ғында” несеп жүретін қуық түтігі бойын­­дағы жараны емдеуге биенің саумал сүті пайдалы екендігін жаз­ған. Ол бүйрек тасы ауруына шал­дыққан уәзірді қымызбен емдеп, жаздым дейді. Негізінде қазақтардың ер адамдары ас қамдау, ыдыс-аяқ жию сияқты дүниелерді әйелдерге беріп, өздері аң аулау, мал бағу сияқты дала жұмыс­тарында болса да, бие саууға келген­де бұл ұғым өзгеріп сала береді. Салт бойынша биені ер адамдар өздері сауып, бұл дәстүрге ерекше құр­мет көр­сеткен. Бұл Герадот жазған кез­ден бас­тап, әлде одан да ерте қалып­тасқан жайт сия­қты. Қазақ жылқы малын қа­шан­­­да киелі сана­ған. Айдалада кез­дес­кен суды ең ал­ды­мен жыл­қысы татпай ішпеген. Ал жыл­қы кір суға жо­ла­­майды. Шөл­де­генде қазақтар өзге де түркі­лер сияқ­ты айран, шұ­бат, қы­мыз, ашыған көжені пайда­лана­ды. Қазақ дала­сында қымыз­дың 40 түрі дайын­дал­ған екен. Ең таны­малдары уыз қы­мыз, жазғы, күзгі қы­мыз, түне­мел қымыз, сары қы­мыз, дөнен қымыз, бесті қымыз, асау қымыз, қысыр­дың қымызы, қорабал қымыз, бал қымыз, сірге жияр қымыз. Әрқай­сысының дайын­далуы да, денсау­лыққа қажетті маңыз­дылығы да өте керемет. Біздің айтпағымыз, қазір Батыс Еуропада қымыз ішу әдетке айнала бастаса, Берлин мен мюн­хен­діктер де соңғы кезде қы­мыз­­дың емдік қасиетіне ден қоя бас­таған. Бірақ, олар қымыз деген атын өзгертіп, бие сүтінен жасалған йогурт деп атайтын көрі­неді. Сөздің тоқ етері, халқы­мыздың сүйікті ұлттық асын арнайы бағдар­лама аясында патенттеп алмасақ, оны өзгелердің иемденіп кетуі әбден мүм­кін. Сан соғып қалмайық, ағайын! Раушан НҰҒМАНБЕКОВА.

egemen.kz


Смотрите также